версия для слабовидящих

ЕЛДІГІМІЗДІ СЫНҒА САЛАР КЕЗ КЕЛДІ

 

Сәрсенғали Әбдіманапов,

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда

университетінің ректоры,

Жоғары мектеп халықаралық ғылым

академиясының академигі,

математика профессоры

 

Биылғы әлемді жайлаған індет қапымызды тауып бүйрекке шаншудай қадалды, тіпті, ажал құштыруға әкеп тіреді. Оның обал-сауабын күйбең тірліктің қалтарысына қалдырған, «уақыттың жетімсіздігін желеу» еткен өткеннің еншісіне қалдырайық. Қалай дегенде, «Мезгілі жетсе, мұз да ерір» деген үміт дүниесі бар емес пе?! Індеттен кейінгі әлем біртіндеп қалыпты жағдайға бейімделе бастады.

Елімізде Мемлекет басшысының оң шешімімен індеттің алдын алу шараларының дер кезінде қабылдануы қауіптің негізгі толқынын қайтарғанымен зардабы түбегейлі жойылған жоқ. Мамандар кез келген уақытта оның қайта өршу мүмкіндігін ескертіп отыр. Ендеше әлі алдымызда атқарылар қыруар жұмыс күтіп тұр.

Адам капиталын дамыту, қай іске де академиялық адалдық мəдениетін енгізу, академиялық еріктілікті қамтамасыз ету –өмір қажеттілігі. Сананы жаңғыртып, білімді түбегейлі жетілдіру арқылы ғана адам капиталы жаңа сапаға көтермек, ол нақ қазіргі кезеңнің кезек күттірмес тапсырмасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында кез келген мемлекет үшін негізгі өлшемге айналған басты міндет адам капиталының дамуы жайлы: «Жаңа ахуал білім жəне ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тəуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сəйкес жүзеге асырамыз», – деп ашып айтты. Демек, енді шегінуге жол жоқ.

Өткен тарих қасіретінің тағылымы – бүгінгіге дара жол сілтеуші, жөн үйретуші, тіршіліктің жолбасшысы. Тарихын жоғалтқан жұрт, келешекте басына қандай күн туарын болжай алмайды. Оған біз мысалды алыстан іздемейміз. Өз мінін өзге көзбен қарай алмай, жауырды жаба тоқыған тоқырау тұтқыны боларына Кеңес мемлекеті куә болғанын ұмытқанымыз жоқ. Жаппай жалған ақпарат таратудың зардабын қалың бұқара көрді. Кеңес құрылымы әлемдегі үздік деуші еді. Бірақ олай болмады, келешегі бұлыңғыр болды. Енді кейінгі жылдары көршілес елдер арасына сызат түсіру жайлы жалғаншылар өз тәсілін қолдануды жөн санай бастаған-ды. Бірақ, өзіңді алдағаннан өзгенің есе жинайтыны да құпия еместігі бізге аян. Ол кейде арандату үшін де жасалатынын естен шығармайтынымыз белгілі.

Соның бір мысалы, жақындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында көрініс тапты. Қазақстандық қоғамдағы жиі талқыланып жүрген сұрақтарды өзгелердің де пайдаланып, өңін өзгертуді ойластырып еді, бірақ саясат әлемінде сан жылдан бері мол тәжірибе жинаған, табиғатында туған ел, өскен ортаны қадір тұта білетін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне тән ерекшелігімен танылып, кәнігі саясаткер, өмір сынынан өткен әлемдік деңгейдегі танымал дипломат, білікті мемлекет басшысы ретінде тұщымды жауап беруі Қазақстандықтармен бірге мені де аса риза етті.

Сұхбат барысында елеусіз ғана айтыла салған еліміздегі этносаралық келісім төңірегіндегі мәселеге қатысты: «Қазіргі кезде Қазақстанда қанша орыс тұрады жəне олардың құқықтары қаншалықты қорғалған?» деген астарлы сауал тастады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болса Қазақстандықтар этностық шығу тегіне қарамастан, өздерін біртұтас халық санайды, өзгелерде де «аз ұлттармыз» деп санайтын пиғылдың жоқтығын алға тартты: «Елімізде тұратын орыстар біздің халқымыздың ажырамас бөлігі саналады жəне барлық құқықтарға ие. Жақында шетелдік аналитикалық материалдардың бірінен «Қазақстандағы орыс диаспорасы» деген сөзді көзім шалды. Шындыққа қайшы келетін мұндай сөздерді мүлдем қолданбау туралы өзіміздің идеологтар мен сарапшыларға ескерттім», – деп бұл тақырыпты өрбітуге негіз жоғын ғана емес, осындай теріс пиғылды өршіту текті елімізге лайықсыз екенін, өзгеге де орын болмайтынын ашық жеткізді. Халықтар достығы, көршімен тату тұру, өзара берік қарым-қатынас орнату – қазақ елінің ежелгі дәстүрі, оны бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Еліміз өркениет көшінен қалып қоймас үшін мұндай тамаша дәстүр жалғасын таба бермек. Сұхбат барысында: «Қазақстан Ресеймен жəне Беларусьпен екіжақты форматта да, интеграциялық бірлестіктер (ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД) аясында да тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Ресей мен Беларусь сияқты одақтас мемлекеттің құрамына қосылу біздің жоспарымызда жоқ. Жоғарыда аталған ұйымдар аясында интеграцияны одан əрі дамыту басым бағытымыз болып қала береді. Еуразиялық экономикалық одақтың əлеуетін тек экономикалық одақ тұрғысында күшейтуге мүдделіміз», – деп түп тастауы біздің елдің берік байламын көрсетті. Осындай батыл ойларды, үлкен мəселелерді Мемлекет басшысы жиі айтып, жиі көтеріп келеді. Еуразиялық экономикалық одақтың алдына да біз бұрын турасын айта алмай жүрген мəселелерді қойды. Сондықтан Президенттің бұл сұхбатын өз басым жоғары бағалаймын. Ел арасындағы алып-қашпа сөзді өршітетіндерге, бізді Ресей ықпалынан шыға алмайтындай әсерде көрсетушілерге мұнан артық қандай дәлел, тойтарыс керек.

Ел мен ел араласып, өркениетті мемлекеттердің білім-ғылым жетістігін мейлінше батыл игеруіміз қажет. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы қадамында кезіккен нарық тауқыметі ұзақ уақыт қол байлау болғаны рас, сол тұста кемшін жайлар орын алғаны да мәлім. Бірақ қазір заман өзгерді.

Халқымыздың «Ауруын жасырған өледі» дегені айдай анық келді. Әлемге қанат жайған індет ғылымның мүлде басқа бағытта дамуы керектігін алға тартты. Ендеше, елдік жолында жаңаша қадамға батыл баратын кез келді. Оған еліміздегі «Білімге алты есе, ғылымға жеті есе қаржы бөлінетін» шұғыл қадамның негіз болары айғақ.

«Білім – таусылмайтын байлық» деп бағалануы тегін емес. Ұлы Абай өзінің «Отыз сегізінші қара сөзінде»: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды», – дейді. Бабаларымыз білімділігімен, сауаттылығымен, өркениеттілігімен мақтанған еді. Өзгелердің «Қазақ даласында түрме болмаған» деп, «кінә» таққаны да сондықтан. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағидаға мойын ұсынған ел едік. Қазіргідей елдігімізді сынға салар кез келген тұста, заманауи жағдайға жедел бейімделіп, озық техникалық мүмкіндіктерін ел қажетіне жаратуымыз керек.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім, ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыратын реформаларды қайта зерделеуді тапсырды. Ол өзі құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мемлекетіміздің ішкі саясатын елге адал қызмет ететін жаңа бағыттағы тың арнаға бұрды. Әр кеңесте айтылған идеялар халықтың көкейінен шығатын тілек-сұранысымен үндестік тауып, коғамның жаңа бағытта дамуының нақты жолдарын көрсетіп келеді. Осылайша мемлекет пен қоғамды жақындату, ел дамуының саяси платформасы жасалуда.

Жаңа заман жаңа талапқа сай өркендеуге тиіс. Оған ғылыми тұрғыдан жаңаша көзқарас, жан-жақты тиянақталған негіз қажет. Ол үшін білім берудің кез-келген саласы мемлекет үшін экономикалық дамудың қайнар көзі екенін жаңа ғылыми тұжырымдармен байытуда ғалымдарымыз бен мамандарымыз форсайт зерттеулер жүргізуге тиіс, отандық білім беру жүйесін ұлттық құндылықтар негізінде дамытқан жөн.

Рас, біз бәріміз де халыққа қызмет етуге тиіспіз. Әйтсе де, білім беру саласы жайлы көзқарас бұған дейін сәл өзгеше сипатта болып келгені құпия емес. Енді білім беру болашақтың даму кепілі ретінде өз орнын тауып, адам капиталының негізі екеніне баса назар аударылуы тиіс.

Білім мен ғылымды дамыту арқылы Қазақстан мемлекетінің нығаюына, дамуына кең жол ашамыз. Ол үшін тұтастай қоғамды өзгертіп, адамзаттың өмір сүру ортасының өрісін кеңейте түсуіміз қажет. Əлем елдері білім беру саласын жаңа сатыға көтеруді мемлекеттік деңгейде өрістетуде. Біз де оған ат салысуға мүдделі екенімізді ұмытпаймыз.

Елге жанашыр, қамқор, халықтың қамын ойлай білетін білімді, білікті адам ғана еліміздің экономикасының дамуына айтарлықтай зор үлес қоса алады. Бұған дейін де осы бағытта бірқатар талпыныстар болды. Әйтсе де, діттеген межеге жете алмады. Себебі, білім беруді реформалауда ғылыми негізделген нақты жүйелілік құра алмадық жəне оны қаржыландыру деңгейі де төмен болды. Қазіргі жағдай да, мүмкіндік те, оны іске асыру тетігі де басқаша.

Қазақстанның білім саласына бөлетін қаржысы жеткілікті бола тұра, білім беру сапасы мен мектеп инфрақұрылымы дамыған елдермен салыстырғанда əлдеқайда кенжелеп қалғаны ақиқат. Сол бірсыпыра олқылықтың орнын толтыру жайы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде арнайы сөз болды: «Қазақстанның мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқушылар санының көп болмағаны қажет. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 орындық жəне одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700-ден аса спорт залдарын салу» жоспарлануда.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін əкімдер барлық мектепті бейнебақылау жүйесімен қамтып, заманауи санитарлық талаптарды жүзеге асыруға тиіс. Бұл мектептердегі өрескел жайлардың алдын алуды қамтамасыз етпек. Мұның құндылығы – сол оқушылар ертеңгі біздің үмітіміз. Сондықтан біз де бұл мәселені басты назарда берік ұстанамыз. Ел болашағын, намысын қорғайтын азамат жастайынан жасық, жалтақ болмауға тиіс, оның өресі биік, санасы жоғары болуына үкімет қамқорлығын аяп қалмайды.

«Менің тапсырмаммен алдағы төрт жылда мұғалімдерге төленетін жалақыны екі есе арттыру қарастырылған, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, – Педагогикалық білім беруді жаңғырту оқу жоспарларының 100% жаңартылуын, IT-құзыреттер, оқытудың заманауи əдістері мен технологиялары бойынша арнайы модуль енгізуді қамтамасыз етуі керек».

Осы ретте тағы бір өзекті мəселе –жоғары мектептің білім сапасын жолға қою екені анық. Ондағы талаптар күшейтілуде. Өйткені, ғылымы дамыған елдің іргелі мемлекет қатарында екеніне кім күмән келтірмек?! Ендеше жоғары оқу орындарының бəсекеге лайықты қабілеттілігін арттыра отырып, өркениетті елдер деңгейінен көріну басты міндетіміз.

Елімізде 2025 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 1% құрамақ. Ең бастысы, бұл қаржылар əлеуметтік қажеттіліктер тұрғысынан қарастырылмайды. Ол – білім, ғылым саласының экономикаға əкелетін инвестициясы ретінде бөлінетін болмақ.

Төтенше жағдай қашықтықтан оқыту жүйесінің кемшін тұстарын ашып көрсетті. Енді одан қорытынды жасап, алдағы бейбіт күнде игілігін көруге асығуымыз қажет. Ол үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан: «Елімізде оқулықтар сапасы мəселесі жиі көтеріледі. Білім сапасы айналып келгенде оқулықтың сапасына байланысты. Бұл – аксиома. Сол себепті ғылыми-практикалық сараптамаға қойылатын талапты едəуір арттырып, оқулықтардың апробациясын түпкілікті түрде көтеру керек.

Бұл – Білім жəне ғылым министрлігінің міндеті. Еліміздегі оқулықтардың сапасы өте нашар. Заңнамалық түрде сол оқулықтарды жазатын адамдардың жауапкершілігін бекітуді тапсырамын. Нашар оқулық дайындадың ба, жарамай қалды ма – оны жазған адам жауапкершілігін көтеруі керек. Басқаша болмайды. Қазіргі таңда көпшілік оқытушылардың еңбегі қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын», – деген міндеттерді жедел қолға алу керек.

Бұл да бізді жиі толғандыратын күрделі мәселе. Оны күнделікті тәжірибе көрсетіп отыр. Грантқа бөлінетін қаржының үш есеге көбеюі, дарынды жастардың шетелде білім алуына кең жол ашылуы, жоғары білім беру жүйесінің бəсекеге қабілетсіздігін жою шаралары кезегін күтіп сөзбұйда болған жайдың бірі еді. Енді ол сең орнынан жылжитын болды. Алдағы биік мақсаттың бірегейі жайлы сөз еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің 10 жоғары оқу орны əлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керек. Жоғары білім беру сапасының негізгі көрсеткішінің бірі – осы. Бұл межеге 2025 жылы жетуіміз қажет. Қос дипломды бағдарламаларды, студенттердің, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамының ішкі жəне сыртқы академиялық ұтқырлығының түрлі формаларын дамытқан жөн. Қазақстандық университеттердің базасында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының кампустарын ашу керек. 10 университетте академиялық басымдық деп аталатын студенттердің тұруына қауіпсіз əрі жайлы орталықтар құрылуы тиіс. Алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың жатақхана орны салынуы керек. Жатақхана өте өзекті əрі өмірлік мəні бар мəселе», – деп білім саласының сапасын жақсарту үшін білім ордаларына қойылатын талаптың күшейтілетінін атап өтті.

Жастарды тәрбиелеуде, ғалымдардың зерттеу жұмыстарын жандандыруда арнайы зертханалар, база болуы, жалақының мөлшерін ойластыру қиындықтарына кезігіп жүргеніміз анық. Ғылым кадрларын даярлау үшін, оларға жағдай жасалу керек. Жасыратыны жоқ, бұл жайлар әрбір ғалымның, ізденушінің, талапты жастардың басынан өтті ғой. Қуаныштысы, Мемлекет басшысы өзі де ғалым болған соң, бұл мәселені терең түсінеді, мәселені шешуге игі қадам жасады: «Сондықтан жыл сайын кемінде 100 ғалымның əлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне қаржы бөлген жөн. Жетекші ғылыми орталықтарымызға докторантурадан кейінгі ізденіс үшін арнаулы мемлекеттік тапсырыс беру қажет. Докторантураға бөлінетін гранттардың құнын арттыру керек.

Докторанттардың көбі – отбасылы азаматтар. Олар ғылыммен айналысқан кезеңде негізінен стипендиямен күн көреді. Жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды. Докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көбейту қажет», – дегені соның айғағы.

Білім – қалың бұқараның ортақ ісі. Ұлы ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері, ақын Жүсіп Баласағұни: «Білсе білім – күн де бақыт кісіге, үлкен атақ содан келер кішіге», – дегені соның айғағы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», – деген болатын.

Әйтсе де, ойланарлық жай баршылық. Айталық, БҰҰ-ның еліміздегі өкілдігіне жұмысқа тұру үшін үміткер ағылшын жəне орыс тілдерін білуі міндетті екен. Ал қазақ тілін білетіндерге сəл ғана басымдық берілетін көрінеді. Қараңыз, БҰҰ-ның Грузиядағы өкілдігіне жұмысқа тұру үшін ағылшын жəне грузин тілін білу міндетті екен. Демек, орыс тілі – БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі деп ақталудың реті жоқ. Әлемдегі тоғызыншы территорияны мекендеген қазақ елінің тұрғындарының 70 пайызға жуығы қазақ этносы. Бұл көрсеткіштің алдағы уақытта жоғарылай түсерін ескерсек, болашақ үшін тіл мәртебесін арттыруды назардан тыс қалдыруға болмас.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Балаларға білім беру үрдісінде басты назарды мемлекеттік тілге, қазақ тіліне беру керек. Орыс тілін де оқыту керек, себеп түсінікті. Ағылшын тілін де оқыту қажет. Осылайша, үш тілді, болашаққа ашық көзбен қарайтын ұрпақты тәрбиелейміз», – деген сөзі маған етене жақын. Себебі, мен өз басым қайда, қандай қызмет атқарсам да жастардың, әсіресе, ғылыммен айналысқан жас ғалымдардың шетел тілін тереңдеп оқуын қадағалаймын. Жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде оқып жатқанда ағылшын тілін біздің жастарымыздың да жаппай және жедел үйренуі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне қатысты «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі», – деп, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажеттігіне назар аударды. – «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз».

Көзі қарақты жандарға зымыраған уақыттың талабына ілесу үшін терең білім, озық технология, ақыл мен ой-сана биіктігі, қарышты еңбек етудің таңдаулы үлгілері қажеттігін ұғындыру да артық. Себебі, кешегі қарқыннан бүгінгі жылдамдық әлдеқайда арта түсті, оның уақыт өткен сайын қуаты да еселене беретінін түйсінеріміз анық. Уақыт талабынан кенжелеп қалу қаупін әркім сезінді, оны жетілдіру баршамызға жауапкершілік жүктейді.

Ел экономикасын өркендетуде шағын және орта бизнесті өркендетудің маңыздылығы ескерілуде. Ұлттық экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өндірістің жұмысын жандандыру жайлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл – оңай мәселе емес. Дегенмен, оны басты назарда ұстаймыз. Біз қолға алған саяси реформаларды жалғастыра береміз. Онсыз мемлекетіміз дамымайды. Осы ретте мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру аса маңызды. Бізге басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу керек. Елдің мүддесін ойлайтын мамандар болмаса, бастамаларымыз нәтижесін бермейді», – деп, өзі ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызы Елбасы мақұлдаған Ұлт жоспарын жүзеге асырумен астасатынын еске салды.

Ендеше, барша Қазақстандықтар «ұрпақты рухани жаңғырту» жолындағы қажырлы еңбекке жұмылады деп сенемін.

Заманның әйтеуір бір даңғыл жолға шығарынан күдерін үзбеген Абайдың: «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» деген өсиетін жүзеге асыруға, елдігімізді сынға салып, халық болып атсалысудың кезі келді.

 




Календарь новостей

Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
28 29 30 31 1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 1