ДИПЛОМ ТАПСЫРУ САЛТАНАТЫ
ДИПЛОМ ТАПСЫРУ САЛТАНАТЫ
«Халық айтса қалт айтпайды», – дегеннің растығы мақал-мәтелдерде анық көрініс тапқан. Қай ата-ана болмасын баласының білімді, саналы азамат болуын көксеп, көкірегіне халық даналығын құяры анық. «Білімдіге – дүние жарық, Білімсіздің – күні кәріп» екенін жастайынан түйсінген бала оқуға ынталы болып өседі.
Жоғары оқу орнына да осы сеніммен келіп, елге қызмет етерлік мамандық таңдайды.
Осындай іргелі оқу орнының бірегейі – Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті. Мұнда оқыған студенттердің «Білім басы – бейнет, соңы – зейнет» екеніне анық көз жеткізеді. Үздіксіз ізденіс, сапалы білім, жоғары кәсіби шеберлікті меңгерген ұстаздардың алдынан дәріс алу бақытына ие болды. Нәтижесінде университет қабырғасында өздері білікті маманға айналды.
Көз майын таусып оқыған кітаптардағы білім нәрі санаға ақыл мен парасаттылық нұрын құйды. Алғаш университет табалдырығын жасқаншақтай аттаған жас бүлдіршіндер осы уақыт аралығында есейіп, қанаты қатайып, біліммен қаруланған азамат тұлғасына айналды.
Күні кешегі ұйқысыз-күлкісіз өткен емтихан, сынақтарға әзірлік сәттері де артта қалды. Білім сынында қатал көрінетін ұстаздар жүзі де жылып сала беріпті, бәрі жайдары дидары жарқын. Еңбектері зая кетпегеніне қуанышты. Шәкірттерінің үмітін ақтағанына дән риза.
Осындай көңіл күймен университеттің төртінші қабатында орналасқан Мәжіліс залына шаттық сезім көкіректерін кернеген қалпы енген студенттеріміз қолдарына арман болып қонған дипломды алып жатыр.
Бұл аса толқулы сәттер еді. Өйткені ол өмірге берілген жолдама!
– Ғылым дегеніміз – адамның табиғат, қоғам және өзінің танымы туралы білім алуға бағытталған рухани кызметінің ерекше формасы екені мәлім. Ғылымның негізгі мақсаты – ақиқатқа жету және табиғат, коғам, ойлау заңдылықтарын, танымның өзі туралы нақтылықтың объективтік заңдылықтарын ашу. Міне біз сіздерге соның қыр-сырын ашып үйреттік. Сіздер өз салаларыңыз бойынша білім алдыңыздар, маман болдыңыздар, қадірлі түлектеріміз. Енді сол білімді елдің кәдесіне жаратуға табанды еңбек етіңіздер! Алда әр қайсысың өз қалауларыңмен таңдаған мамандықтардың асулары күтіп тұр. Қайсы бірің ғылым жолын жалғастырып, магистратураға бет аласыздар. Білімді біз университетте жалғастыруға мүмкіндіктерің бар. Өмірде жолдарың болсын! – деді тебірене сөйлеген Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры, профессор Сәрсенғали Әбдіғалиұлы Әбдіманапов.
Жастар ризашылық көңілмен ду қол шапалақтап, құрмет көрсетті.
– Біз, тәуелсіз елдің жастары қазіргі уақытта мемлекет қамқорлығын көріп отырмыз. Бұл ретте ҚазЭҚХСУ-де ғылыммен, біліммен қаруланам деген әрбір азаматқа барлық жағдай жасалған. Біздің бір қатар құрбыларымыз шет елде оқып білімін жалғастырды. Енді міне, қолымызға диплом алып, азамат болдық. Бұл ұстаздар сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің арқасы, – деді салтанатқа жиналған жастар.
Биыл Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін 1299 студент пен магистранттар бітіріп шығып, қолдарына диплом алды. 2014-2015 оқу жылында 824 студент 15 бакалавриат мамандығы мен салалық мамандықтары бойынша бітірді. Оның ішінде күндізгі оқу бөлімі бойынша 582 студент (оның 70-і), сырттай оқу бөлімі бойынша 242 студент (оның 9-ы үздік бағаға) аяқтап шықты.
ҚазЭҚХСУ-дегі жоғары оқу орынан кейінгі білім беру факультетінде сегіз мамандық бойынша бейіндік және ғылыми-педагогикалық бағытта 475 магистрант бітіріп, магистр атағын алды.
Біздің жоғарғы оқу орнын бітірген мамандар еліміздің барлық саласында, қоғамда елеулі қызметтер атқаратын болады.
Жүздері бал-бұл жанып, көз жанарлары жарқылдаған жалын жүректі студенттер ұстаздарына алғыс сезімін білдірген әндерін шырқап, жүрек түпкіріндегі ыстық ықыластарын қайта-қайта білдіріп жатты...
«Жер – ырыстың кіндігі, Білім – ырыстың тізгіні», – деген халық даналығын еске ала отырып, үлкен өмірге қадам басқан жас түлектерімізге жолдарын болсын демекпіз!
Ару Бейсенбекқызы Сарбасова,
Білім алушылар қозғалысын
тіркеу бөлімінің бастығы
Календарь новостей
Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
28 | 29 | 30 | 31 | 1 | 2 | 3 |
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 1 |