Нашар көретіндерге арналған нұсқа

ҰЛТЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫ ТҰЛҒА

Тілдер апталығы мен Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойын мерекелеу аясында «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» кафедрасының оқытушылары «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» тақырыбында әдеби кеш өткізді. Іс-шараға «Қаржы», «Бизнес және құқық» мамандықтарының 1 курс студенттері белсене қатысты.

Студенттер ақын, ағартушы, лингвист, қазақ журналистикасының негізін салушылардың бірі, Алаш партиясының жетекшісі Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы презентациялар дайындады. Оның шығармашылық және ғылыми қызметінің негізі – туған халқына аянбай қызмет ету.

Ғылыми-зерттеу іс-әрекеті барысында студенттер Ахмет Байтұрсынұлы өзінің бүкіл ересек өмірін қазақ этносының ұлттық өзіндік санасын қалыптастыруға арнағанына көз жеткізді. Бұған ғалымның қазақ тіл білімі мен қазақ тілін оқыту әдістемесі саласындағы іргелі еңбектері дәлел.

Байтұрсынұлы қазақ тілінің ерекшеліктерін ескерген жаңа әліпби жасады. А.Байтұрсынұлы мен оның серіктерінің арқасында қазақ тілінде мектептер мен жоғары оқу орындары ашылды.

Оларды сапалы оқу-әдістемелік құралдармен, бағдарламалармен қамтамасыз ету Ұлт ұстазы жетекшілік еткен Білім академиясының басты міндеті болды. Ақын өз миссиясын мына жолдармен білдірді: «Адамдық диқаншысы қырға шықтым, Көлі жоқ, көгалы жоқ, құрға шықтым. Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, Көңілін көтеруге құл халықтың».