
«Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес: тәуелсіз қадағалаудың қазақстандық шындықтары және аудит нарығының қажеттіліктері» тақырыбында дөңгелек үстел
Esil University ЖСҚ-мен бірлесіп «аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес: тәуелсіз қадағалаудың қазақстандық шындықтары және аудит нарығының қажеттіліктері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі, ЖСҚ басқарма төрағасы Кенбейіл Дәурен Маратұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, басқарма мүшелері, қор биржасының, халықаралық сертификаттардың, Қазақстан мен шет елдердің кәсіби аудиторлық және бухгалтерлік ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Esil University «Есеп және аудит» кафедрасының академиктері мен профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
Отырыс барысында қоғамдық қадағалаудың институционалдық моделі саласындағы жетістіктер мен озық тәжірибелері, халықаралық үрдістер және оның аудит сапасы үшін маңыздылығы, 2021-2023 жылдардағы қызмет қорытындылары, болашаққа арналған міндеттер мен оң өзгерістер, Қазақстан мен шет елдердегі кәсіби қадағалаудың рөлі талқыланды.
Сонымен қатар, профессор Мұрат Әлиев маңызды мәселені көтерді. Ол бухгалтерлік есеп пен аудит саласындағы білікті мамандардың жетіспеушілігі - елдің экономикалық өсімі мен технологиялық дамуы жолындағы негізгі кедергі екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда Esil University «Есеп және аудит» кафедрасы жетекші кафедралардың бірі болып табылады. 2010 жылы «Есеп және аудит» кафедрасында Қазақстанда есептік мамандық бойынша ғылыми кадрлар даярлау бойынша алғашқы докторантура ашылған. Э.ғ.д., профессор Әлиев Мұраттың жетекшілігімен 5 PhD докторы қорғалды, олардың үшеуі «Есеп және аудит» кафедрасында жұмыс істейді.